• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Ақылбектің «алтын» тауықтары

390 рет
көрсетілді

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөз Зеленов ауданына қарасты Переметный ауылының тұрғыны Ақылбек Алманбетовтің өмірлік ұстанымы. Еңбекқор жігіт өз қо­ра-қопсысынан шағын құс фабрикасын ашып ал­ған. Кү­ніне 80-90 жұмыртқа беретін фабрика осы күні пайда түсіре бас­тапты. – Барбастау жағында тұратын досымның құс фабрикасы бар, соған қарап ылғи қызығып жү­ретінмін. Бір күні сонда барған­да, осындай жұмысты мен де істеп көрсем, қалай болар екен деген ойға қалдым. Сөйтіп, үйге келген соң тауық тұратын арнайы орынның қалай жасалатынын ғаламтор желісінен қарап, өлшемдерін шығардым. Бұл ба­ғыттағы жұмысымды досым да құптап, маған көп кеңес берді, – деді ол кәсібін қалай бастағанын сұрағанымда. Бүгінде 100-ге жуық тауық асы­рап отырған шағын «фабрика» иесі жеке кәсіпкерлігін құрып, тауықтарының өнімін облыс ор­талығына өткізеді. – Бұл істі бастауға бар болға­ны 50 мың теңге қаражат жұмса­дым. Тауықтарды Оралдағы құс фабрикасынан сатып алдым. Ба­сында неше түрлі қоспа жеп жаман үйренген тауықтар ауырды. Ол кезде жұмыртқалары да кө­ңілімнен шықпайтын еді. Қазір тауықтарым таза өнімге үйрен­ді. Жұмыртқалары да жақсы, – деп шағын бизнесін бастаған кезде­гі қиындықтарын еске алады Ақыл­бек. Кейіпкеріміздің шағын «фаб­ри­­касы» элек­тронды түрде жұ­мыс жасап тұр­маса да, өнімін беріп тұр. Та­уықтардың астын та­за­лап, залалсыздандыру жұмыста­рын жүргізіп тұратын жігіт қыс кезінде ауыл­дың бір азаматын қа­сына көмекке алып, оны жұ­мыспен қамтамасыз етіп отыра­тындығын да айтты. – Жасаймын деген адамға қай кезде де жұмыс табылады. Тек жалқаулықты ысырып қойып, ой­лаған ісін аяғына дейін жеткізу­ді көздесе ғана болды. Ал «маған анау жетпейді, мынау аз» деп сыл­таурата берсең, ешбір істе бе­реке болмайды, – деген ол бола­­шақ­та шағын құс «фабрикасын» кеңейтуді көздеп отыр. Ешкімнің қолдауынсыз, өз еңбегінің арқасында ба­ла-шаға­сын асырап, басқаны да жұмыс­пен қамтып отырған Ақыл­бектей азаматтардың ісі өзге­лер­ге үлгі болса екен дейміз. Түгелбай БИСЕН Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы